Loading...
соңғы жаңалықтар

Колледж тарихы

views
6
Өнегелі білім ордасы

 

1958 жылдың 1 қыркүйегінде Таушық кентінің (бұрынғы Маңғыстау ауданының орталығы) терістік жағындағы ара қашықтығы төрт-бес шақырымдай жерде оқшау тұрған №7 шахта елді пунктінде Маңғыстау түбегінде тұңғыш рет №82 ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінің ашылу салтанаты болды. Училище курсанттарына сырт көрінісі әскери формадағы костюм-шалбар, маңдайында орақ пен балға белгісі бар бас киім беріліп, барлығы мұнтаздай киініп тұрды. Жігіттердің ішінде бірнешелеген қыз балалар да бар. Бұлардың ұзын саны 111 болатын. 17 жастан жоғары жеті кластық білімі бар жастар еді олар.

Салтанатты жиынды училищенің тұңғыш директоры және оны өз қолымен құрған атыраулық азамат Халекес Ақтанов сөз сөйлеп ашқан еді: «КПСС Орталық Комитетінің 1953 жылғы сентябрь Пленумының тарихи қаулысы бойынша бүкіл елімізде ауыл шаруашылығының кадрларын даярлайтын училищелер құрылуда. Міне, биылғы жылы біздің ауданымызда да ашылып отыр. Училищелер қазір еңбек резервтері жүйесінің қарамағына берілген-ді. Сіздер бізге негізінен колхоз басқармалары мен аудандық Кеңесі атқару комитетінің жолдама қағазы бойынша келіп отырсыздар. Сіздерге жаңа оқу жылында сәт сапар, құтты қадам, сапалы оқу тілейміз!»

Халекеңнен кейін сол кездегі училище директорының орынбасары Алман Бимуханов, оқытушылар Ниязбай Дербісов, Хамза Гусмановтар сөйледі. Игі тілектерін білдірді.

Училище құрылған жылы оқытушы маман кадрлары толық жетісе қойған жоқ. Училищенің материалдық-техникалық базасы да ойдағыдай бола қоймады. Сол жылы сонау Орал қаласынан жоғарғы орындардың араласуымен училищеге Алман Бимуханов, Зұлқаш Мүлкәй деген мамандар келіп, бір жылға жуық жұмыс жасап, училище жұмысының бір ізге түсіп кетуіне қолғабысын беріп, оқытушыларға жөн сілтеп, курсанттарға сапалы білім беруге оңды ықпал етті. Ішкі ұйымдастыру жұмыстарында, оқу тәрбие беруде училищенің өзіндік ерекшеліктері аз емес еді. Көрнекі құрал-жабдықтар әзірлеу, оқу бағдарламасын ереже талаптарына сай тиісінше жолға қою, талап пен тәртіпті күшейту, мәдени-тұрмыстық қамту, спорт көпшілік жұмыстарын іске асыру сияқты толып жатқан іс-шаралар алда тұрды.

Училищеге бұрынғы шахтерлар үшін тұрғызылған, ондаған жылдар өтсе де міні құрамай тұрған үш үлкен корпус үйі берілді. Бірі оқу орны болса, екеуі жатақхана. Қажетті техника түрлері, төсек-орын, мебель-мүліктер су жолымен Гурьевтен келтірілді. Сөйтіп жаңа оқу жылының көңілдегідей басталып кетуіне Халекең бастаған ұжым мүшелері бір кісідей атсалысты. Училищенің оқу мерзімі он бір ай болатын. Мұнда көп салалы шофер-тракторист, комбайнер және мал шаруашылығы саласының кадрларын дайындау бағытында жұмыс жүргізілді. Десек те, бізде астық, егін шаруашылығы болмағандықтан комбайнерлік оқуға тек қана түсінік берілетін. Мұғалім кадрларына жағдай жасау, оларды үй-жаймен қамтуға ауданның басшы орындары да үлкен қолғабыс берді. Мұндағы ұйымдастыру жұмыстарын сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеген Қағазов өзі назардан түсірген жоқ. Оқу бітірген механизаторлар трактор мен автомашиналарды жүргізе және оңдай білуі тиіс-ті. Сонымен қатар мал шаруашылығында зоотехникалық-малдәрігерлік ережелердің қолдану, қойды қолдан ұрықтандыру әдістерін, қырқым агрегаттарын пайдалану жайы да оқытылды.

Оқуға түсушілер оқу бағдарламасына сай теориялық білім алумен қатар аудан шаруашылықтарында, аудандық машина трактор жөндеу стансасында өндірістік практикадан өтетін. Оқуға қабылданғандар тікелей мемлекет есебінен жатақхана, киім, тамақ және сабақ үлгеріміне қарай, 100-200 сомнан шәкіртақымен (стипендия) қамтамасыз етілді. Көп ұзамай, екінші оқу жылында курсанттар саны 140-қа дейін көтерілді.

Сол кездегі мұғалім кадрларының қазіргі кезде бірқатарының көзі жоқ, тәңір ажалынан о дүниелік болып кетті. Бірақ олардың есімі училище тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Дегенмен алғашқы құрылған жылдары училищеде жоғарыда айтылғандай қажетті техника түрлері, ауыл шаруашылығы машиналары жетімсіз болды. Сонда да училищенің мұғалім кадрлары аянбай еңбек етіп, жоқтан бар жасай білді.

Алғашқы директор Халекес Ақтанов Атырау облысының Забурын ауылында 1925 жылы дүниеге келген азамат еді. Ол училищеге Таушықтағы машина-трактор жөндеу стансасында директор болып жүріп келді. Өмірінің көп жылын Кеңес армиясы қатарында, басшылық қызметтерде өткізген ол аса білікті, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін-ді. Училище жұмысын қалыпты жолға салып, ұйымдастырушылық талапкерлігімен айрықша көзге шалынды. Ол өз мүддесінен гөрі қоғамдық мүддені бірінші кезекке қоятын. Училищені басқарып жүргенде бірнеше шақырым жердегі училищеге ескі Таушықтағы үйінен жаяу қатынап тұрды.

Қазіргі көзі тірі, еңбек ардагері Сұлтанбек Нұржанов Халекең туралы естелігінде былай деп жазғаны бар:

«Жеті шақырым қашықтықтағы №7 шахтадан орталықтағы «Соцгородоктағы» жиналысқа жаяу келгенін көрдім. Мен ол кезде аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметін атқаратынмын. Бірде Халекең жиналысқа кешігіп келді. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Қошық Қазиев: «Неге кешіктің?» – деп түсінік сұрады. Сонда Халекең: «Мен телефон шалынған бойда шығып, еш жерге кідірместен шапшаңдатып келген бойым осы» – деді. «Қалайша?» – деп таң қалған басшыға Халекең: «Училище директорына жеке автокөлік қарастырылмаған. Ал курсанттарды машина жүргізуге үйрететін екі-ақ автокөлік бар. Олар сол шаруадан ауыспайды. Оқу бағдарламасына нұқсан келтіре алмаймын ғой», – деп жауап берді. Қ.Қазиев: «Сенен басқа адам болса, курсанттарды қоя тұрып, машинаны мініп келер еді-ау» – деп Халекеңе іштей риза болған пішін көрсетіп, жиынды жүргізе берді. Өзі де көп жылдар бойы осы училищені абыроймен басқарған Өмір Сағындықов айтқандай: «Халекең нағыз честный коммунист» ары да, жаны да, қолы да таза адам болып өтті. Ол облыстық агроөнеркәсіптік кешенінің төрағасы болып жүріп, зейнеткерлікке шықты. 1995 жылы Ақтау қаласында дүниеден өтті».

* * *

Жалынды жастық, қажырлы қайрат, өміршең өнер-білім ордасына айналған бұл училищеге Маңғыстау түбегіндегі Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларынан да, Түрікменстан, Қарақалпақстан сияқты туысқан республикалардан да келіп оқитын оқушылар аз болған жоқ. Мәселен 1964 жылы мұнда 256 курсант оқып, сан алуан механизаторлық білім алды. Жақсы жабдықталған теориялық сабақтар жүргізетін 5 класы, 1 лабораториясы, тәжірибелік сабақтарға арналған 3 шеберханасы болды. Автокөлік, трактор, басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті келтірілді. Қоғамдық негіздегі клуб, кітапхана жұмыс жасады. Мұндағы көркемөнерпаздар үйірмесінде 34 өнерпаз көпшілікке өнер гүлін шашу етіп, көрермен қауымды талай рет сүйсіндірді. Оны өзі де өнерпаз марқұм Нұрыбек Сүйеубаев басқарды. 1964 жылы училищенің таңдаулы 15 әнші, күйшісі Гурьев облысы бойынша ұйымдастырылған еңбек резервтері көркемөнерпаздарының байқауына қатысып, бірінші орын жүлдесін ешкімге берген жоқ. Қорытынды концертке қатысқан облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы М.Исенов алғыс сезімін білдіріп, сый-сияпат жасап, табыс тіледі. Училищеде спорт шаралары да жолға қойылды. Олардың аудандық, облыстық деңгейдегі спорт ойындарына қатысып, жарыс жүлдесін қанжығадан түсірген кезі кемде-кем.

Училище өсу, өрлеу үстінде, әр жыл өз ырыс-берекесін, шынайы жемісін алға тартты. 1966 жылы 137 курсант оқыды. Түрлі маркадағы 8 автомашина, 11 трактор, шөп тайлау агрегаты, басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті дәрежеде болды. Көрнекі құрал-жабдықтар – «Украина-4», жіңішке ленталы киноаппараты алдырылды. Бұл киноаппараттарды «Автомобиль құрылысы», «Көше тәртібін сақтаудың ережелері», «Трактор, ауылшаруашылығы машиналарының құрылысы» сияқты сабақтарды өткенде пайдаланды. Училищеде сол жылдары 3 жоғары білімді, 2 арнаулы орта білімді маман оқытушылар еңбек етті.

* * *

Училищені 1964-81 жылдары «КСРО кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі» Өмір Сағындықов басқарды. Бұл жылдар шын мәнісінде училищенің мамандар ұясы, белгілі білім ордасына айналған келелі кезеңдері болды. Жан-тәнімен жастарға білім беруде өз істерінің маманы Жұмаш Собалақов, Бекей Сәрсенбаев, Ылым Досмағанбетов, Мырзағали Асылбаев, Нұралы Базылов, тағы да басқа ұстаздар еңбек сіңірді.

1980 жылдан бастап Таушықтағы училище аудан орталығы Шетпеге көшірілді. Жаңа үлгідегі үш қабатты оқу корпустары салынып, пайдалануға берілді. Мұнда 4 жалпы білім беретін пәндік кабинет, қоғамдық пәндерге арналған бір кабинет, арнаулы сабақтар өткізетін 9 оқу кабинеті болды. Бұл кабинеттер сол заманға сай көрнекі техникалық құралдармен жабдықталды. Курсанттардың бос уақытын тиімді пайдалануына, оларға мәдени-тұрмыстық, медициналық қамту орындары үздіксіз, іркіліссіз жұмыс істеді. Училищеде қосалқы мал шаруашылығы, жайылым, шабындық және егістік алаңдары болды. Мұның өзі курсанттардың ауыл шаруашылығы саласымен жете танысуына мүмкіндік туғызды. Училище жасампаз жаңалықтың, тың бастамалардың, игілікті шаралардың ордасына айналды. Сол жылдарда училище оқытушылары Бекей Сәрсенбаевтың есімі Қазақстанның «Алтын Құрмет» кітабына мәңгілікке жазылса, Ниязбай Дербісов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Ылым Досмағанбетов «Қазақ КСР-інің кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

********

Училищенің алғашқы түлектерінің ішінде бір топ қыз-келіншектер де оқып білім алды. Олардың ішінде Таушықтағы Мәзира Әбдімұратқызы, Гүлбазар Байтілеуқызы, Тұщықұдықтан Салиха Кемелханова, Ұштағандық Қанзия Жарылғасыновалар бар. Мәзира мен Гүлбазар училищеде қалып, жауапты қызметтер атқарса, Салиха мен Қанзия колхоз шаруашылықтарында қысы-жазы трактор құлағында ойнап, еңбек етті. Есімдері алғыспен аталып, әрдайым марапатталды.

Жетпісінші-сексенінші жылдары аудан шаруашылықтарында қысқа мерзімді училищенің малшы-механизаторлар дайындайтын курстары ашылды. 1963-66 жылдары өндірістен қол үзбей оқып, 600-ден астам жас шофер-тракторист мамандығын алып шықты. Механизаторларға теориялық-практикалық жағынан сапалы білім берілуі тиісінше жолға қойылды.

Училищені әр жылдарда оқып бітірген Мұрсалы Күшікбаев, Сәбит Жармағанбетов, Шахы Заузанбаев, Аймағанбетов тағы басқалары жоғары білім алып, облысымызға, ауданымызға белгілі басшылық қызметтер атқарды. Ал Құлшабай Сабытаев, Бише Сейтмағанбетов, Сайлау Қойқанов сияқты ондаған училище түлектері ауданның, облыстың «чемпион трактористері» атанды.

Дегенмен бір кездегі училище түлектерінің өздері де бұл күндері зейнеткер жасында, ал қайсыбіреулері дүниеден озып кетті. Училищенің құрылғанына 2013 жылы 55 жыл толады. Осынау ұзақ жылдар ішінде 12400-ден астам училище шәкірттері өмірге жолдама алды. Уақыт ағымына орай училищенің атауы да өзгерістерге ұшырады. Мәселен 1958 жылы «№82 ауылшаруашылығы механикаландыру училищесі», одан соң «№82 кәсіптік-техникалық білім беру училищесі», кейінірек «№5 техникалық білім беру мектебі» болып өзгерді. Соңғы жылдары мұнда орта буын мамандарын бүгінгі заман талабына сай жаңаша оқыту, іс тетігін тың бағытта ұйымдастыру алға қойылды. Сөйтіп облыс әкімінің 2008 жылғы №372 қаулысымен «Маңғыстау техникалық колледжі» болып құрылып, мемлекеттік-қазыналық коммуналдық кәсіпорын ретінде сол жылдың тамыз айында өз жұмысын соны серпінмен бастады. Қазіргі кезеңдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытында жүйелі қызметтер жүргізілуде. Мұнда 374 жас білім алуда. Олар «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Пісіру өндірісі», «Есеп және аудит», «Ғимараттар мен үйлерді салу және пайдалану» мамандықтары бойынша білім алуда. Тағы да бір айтарлықтай үрдісті жаңалық 2009-2010 оқу жылында колледже сырттай оқу бөлімі ашылып, онда 131 жас түрлі мамандық бойынша оқиды.

Колледжде 16 оқу кабинеті, қажетті құралдармен толық жабдықталған оқу шеберханалары, 2 зертхана, автотренажер класы, сәулетті акт, спорт залдары, жақсы жабдықталған 120 орындық асхана жұмыс істейді. Ал күнделікті практикалық сабақтар үшін пайдаланылатын әртүрлі маркадағы 7 автокөлік, 8 трактор және әртүрлі ауылшаруашылық техникалары жарамды күйде, пайдалануға әрдайым әзір тұрады. Сондай-ақ 200 орындық жайлы жатақхана да бар. Бүгінгі заман талабына сай бір мультимедиялық, 1 лингофондық (ағылшынша) кабинеттері және техникалық-зертханалық құралдармен қамтылған физика, химия кабинеттері жұмыс істейді. Оқу шеберханасында 12 постылы пісіру цехы қалыпты жағдайда. Бұл дегеніңіз 12 студент бір мезгілде пісіру жұмыстарын жүзеге асыра алады деген сөз. Оқу шеберханасының пісіру цехында арнайы желдеткіш қондырғысы, өрттен қорғау құралдары және оның сигнализациясы орнатылған. Ал «Слесарьлық жұмыстары» цехы арнайы орнатылған столдармен, слесарьлық құралдармен жабдықталған. «Құрылыс» цехында құрылыс жұмысын жүргізуге арналған осы заманғы құрал-жабдықтар да жеткілікті. Мұнай зертханасында жұмыс істейтін качалканың макеті қойылып, қажетті құрал-жабдықтар орналастырылған. «Автотренажер» класы да осы ретпен толық жабдықталып отыр.

Колледжбен «Қарқұдықмұнай», «Коммұнай», «Каспийцемент» ЖШС кәсіпорындары арасында техникалық-кәсіптік кадрларды даярлау мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Олардың бірқатары колледжге қамқор қолдарын созып та келеді. Мәселен, «Коммұнай» ЖШС демеушілік көрсетіп, 2007 жылы оқу жылында 5 компьютер, телевизор, ал НКОК компаниясы 2008 жылы 13 компьютерді сыйға тартты.

Студенттерге жүйелі тәрбие, сапалы білім беруде мұғалім кадрлары елеулі еңбек етуде. Олар негізінен жас кадрлар. Жыл сайын еліміздің Астана, Алматы, Орал, Ақтау қалаларында болып, біліктілігін көтеру курстарынан өтуде.

Студенттерді мәдени-көпшілік жұмыстарымен қамту шаралары да күн тәртібінен түскен емес. Мұнда көркемөнерпаздар үйірмесі тұрақты жұмыс істейді. Олар «Маңғыстау жұлдыздары» фестиваліне қатысып, аудан намысын қорғауда өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ түрлі спорттық шаралар үзбей өткізілу үстінде.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы мыңдардың ұлағат ұясы болып отырған Маңғыстау техникалық колледжі халық шаруашылығының әрқилы салаларына жұмысшы кадрларын дайындауда өрісті үрдісін жалғастыра берері күмәнсіз.