жүктелуде...
соңғы жаңалықтар
Колледж

Кәсіптік білім беру саласы. Жұмысшы мамандығы индустриалды экономиканың көзі.

views
0
Кәсіптік білім беру саласы.
Жұмысшы мамандығы индустриалды экономиканың көзі.
Кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру туралы ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың өткен жылғы жолдауында «Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз. Заман талабына сай қажетті жұмысшы мамандықтарды жастарға үйретуді алдымызғы мақсат етіп қоюымыз керек.» деп атап өтті. Ол үшін үкіметке бизнес қауымдастығы мен жұмыс берушілер өкілдерін қатыстыра отырып, кәсіптік-техникалық кадрлар дайындау жөнінде ұлттық кеңес құруды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында біздің аймақта кәсіптік білім берудің еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға, қайта даярлауға, кадрлар біліктілігін арттыруға бағытталған үш бағдары белгіленді. Кәсіптік білім беру саласын жұмыс берушілердің сұранысы мен еңбек нарығын бағдарлай отырып әрекет етуге бейімделуде. Әбу Насыр Әл-Фараби: «Бұл қазынаның бәрін халық жасайды, ол адал да ерінбей еткен еңбектің жемісі» деген болатын.
Кәсіп – адамның қабілеттілігі мен бейімділігіне қарай бір іспен айналысуы. Кәсіптік бағдар беру дегеніміз – педагогтардың, психологтардың, дәрігерлердің және басқа да қызметкерлердің қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіптік қызығуы мен қабілеттілігін қалыптастыруға және мамандық таңдауға көмектесуде, мақсатты істелетін жұмыс.
Кәсіптік бағдар беру жүйесінің құрамды бөліктеріне, кәсіптік ақпарат, кәсіптік ағарту жұмысы, кәсіптік ақыл-кеңес және кәсіптік іріктеу, кәсіптік бейімделу жатады.
Кәсіптік ақпарат – орта мектептегі кәсіптік бағдар берудің ең негізгі нысандарының бірі. Кәсіптік ақпарат арқылы оқушылар әр түрлі мамандықтардың маңызы мен мәні туралы түсініктер алады. Мамандық бойынша адамға қойылатын талаптармен таныстырылады. Мамандықтың ерекшелігі,оның қоғамда алатын орны туралы түсініктер беріледі.
Кәсіптік ақпарат өте қиын, жан-жақты жұмыс. Кәсіптік ақпараттың мазмұны, ұйымдастыру мен әдістері әр жас кезеңінде әр түрлі болады. Сондықтан да мектеп оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуіміз керек. Мектептегі кәсіптік бағдар беру жұмысының ішінде кәсіптік ақыл-кеңес ерекше орын алады. Негізгі мақсаты – балалардың денсаулық, анатомиялық-физиологиялық және әлеуметтік психологиялық жағдайын талдау негізінде жоғары сынып оқушыларының назарына кәсіптік топтар мен мамандықтарды ұсыну. Кәсіптік ақыл-кеңес жұмысына ата аналар құрамынан, шептік мекемелер мен өндіріс орындарындарынан қызметкер мамандар тартылады. Кей жағдайда кәсіптік ақыл кеңес жұмысы өндіріс орындарында кәсіптік колледждер мен өндірістік оқу цехтарында, кәсіптік бағдар беру кабинеттерінде жүргізілген өте орынды.
Бүгінгі таңда қоғамның басты талаптарының бірі әр азаматтың өмірде өз орнын тауып ,қоғамдағы байлықты еселей түсуге еңбек үлесін қосуы, еңбекке адал, саналы қатынасу болып табылады.
Еңбек тәрбиесінің басты мақсаты еңбекке даярлау ғана емес, сонымен қатар жас жеткіншектерді біліммен, іскерлікпен және дағды мен қаруландыру қабілеттілігін дамыту, мамандық таңдауға көмек беру болып табылады.
Кәсіптік білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі қағидалары 2011-2021 жылға дейінгі білім беруді дамыту бағдарламасында да көрініс тапты. Мектепте кәсіптік бағдар беру жұмысының негізгі міндеттері төмендегідей:
• Оқушыларды көпшілік мамандықтар туралы түсінікпен қаруландыру.
• Кәсіптік қызығуы мен бейімділігін, қабілеттілігін қалыптастыру және дамыту.
• Мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауға жан- жақты ақыл кеңес, бағыт бағдар беру.
• Оқушыларды белгілі мамандықтың түрін меңгеруге бейімдеу.
Мектеп жұмысының негізгі міндеті өзіне өзі қызмет етудің берік жүйесін жасап, тұрмыстық еңбекті әр адамның күнделікті өмір игілігіне айналдыру.Жалқау, еріншек балаларға дұрыс бағыт беру біздің міндетіміз,ата аналардың адамгершілік борышы. Қоғамдағы пайдалы еңбек қоғамдағы қажеттілікті қанағаттандыру, жеке адамның жан жақты дамуына мүмкіндік жасау құралы. Қоғамдық пайдалы еңбек барысында оқушылардың дүниетанымы қалыптасады. Мамандықты тануда көзқарасы кеңейіп, денсаулығы жақсарады, саяси сенімі және мәдени адамгершілік ұғымы артады.
Оқушыларды мамандыққа баулу кәсіптік бағдар беру мақсатында түрлі кездесу кештері, тақырыптық сауалнамалар , дөңгелек үстелдер өткізілуі қажет.
Бүгінгі таңда әрбір оқушының жеке қабілеттері мен ерекшеліктерін , мүмкіндіктерін шеберлігін, қызығушылығын ескеріп бағыт-бағдар беру, жекелеген мамндықтар туралы терең білім беру біздің басты міндетіміз. Әрбір оқушының жеке-жеке қабілетін, бейімділігін анықтап бағыт беріп отыру, мамандықты дұрыс таңдауға жол сілтеу – үлкен мәселе.
Ұрпақ – еліміздің, ұлтымыздың болашағы. Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағынан күтеді. Сондықтанда оқушыларға кәсіптік бағдар беру ісін сәтті ұйымдастыра білу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Осындай мақсатты істі жүзеге асыруда бар жауапкершілікті сезініп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастырып, дамыту және оған жан-жақты терең білім беру ісінде мектеп ұжымы аянбай еңбек ете бермекші. Ендеше келешектің иесі бүгінгі ұрпаққа білім беріп қана қоймай, келешектің көкжиегіне қол жеткізетін мамандықтарға жол сілтеуіміз хақ.
Түбектегі 60 жылдан астам тарихы бар іргелі білім ордасы- Маңғыстау техникалық колледжі. Құрылғаннан бері техникалық мамандық бойынша 1400 астам маман білім алып,еңбекке араласқан. Бұл колледждің негізгі ұстанымы – сапалы білім беру, бәсекеге қабілетті маман дайындау. Білім ордасында жастардың мамандықтың қыр сырын игеруге толық мүмкіндіктер жасалған. Мол кітап қоры бар кітапхана, заманауи жабдықтарымен шеберхана, оқу кабинеттері бәрі де студенттерге арналған. Колледжде білім берумен қатар студенттің рухани, мәдени дамуына көп көңіл бөлінеді.
2021-2022ж оқу жылына 9-сынып бітірушілерді мына мамандықтарға оқуға қабылданады. «Токарлық іс», «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик». Бұл мамандықтардың бырлығы жұмысшы мамандақтар. Сондықтан мемлекет сұранысын өтеуде колледж әкімшлігі өңірдегі түрлі кәсіпорындармен меморандумға қол қойып, тіз қосып жұмыс жасауда. Әсіресе аудандағы комумналдық техникалық кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуда. Колледждегі жұмысшы мамандықтардың оқу мерзімі 2 жыл 10 ай. Ал 11 – сынып бітірушілерге: «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» 3 жыл 6 ай . 9-сынып бітірушілерді 3 мамандық бойынша, атап айтқанда «Токарлық іс», «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» бағыты бойынша мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы негізінде оқуға қабылданады. Бұл ретте жемісті еңбек етіп келеді. Жалпы оқу орнына талапкерлер әңгімелесу негізінде оқуға қабылданып, республикалық бюджет есебінен тегін білім алады, және осы топқа қабылданған студенттер үлгерімге қарамай 30 мың теңгеге жуық шәкіртақы алады. Бұл деген кез келген студент жасқа зор көмек деп білемін.
Президент Қ.Тоқаевтың тапсыруымен кәсіптік және техникалық білім берудің жүйесі жаңғыртылып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Білім беру жүйесіне енгізілген түбегейлі өзгерістер білім берудің мазмұнын жаңартып, жаңа көзқарас туғызады. Қазіргі ғылыми – техникалық үрдістің үздіксіз, қарқынды дамуына байланысты білім беру жүйесінің алдына жаңа талаптар қойылып отыр. Осыған орай, ең бірінші, әлемдегі алдыңғы қатарлы өркениетті, бәсекеге қабілетті елдермен терезе теңестірудегі тұлға – жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру. Кәсіби мамандарды дайындауда Қазақстан Республикасының жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі міндеті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру. Тәжірибе барысында болашақ маман өзінің кәсіби мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтай бастайды.Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, іскер, бәсекеге қабілетті маман даярлауда әрбір білім алушыны жан-жақты ізденуге, өздігінен тың жаңалықтар ашуға, қай салада болмасын, ғылыми жұмысқа деген бейімділігін қалыптастыру көзделуде. «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман»,- деп Елбасымыз атап көрсеткендей бүгінгі күні егеменді еліміздің дамыған отыз елдің қатарынан көріну үшін жастарымыз білімді және бәсекеге қабілетті болуы керек дей келе Шетпеде орналасқан Маңғыстау техникалық колледжде осы күнге дейін 100 ге жуық ҚР білім беру ісінің үздіктер мен жоғары білікті мамандар ұстаздық етіп, халық шаруашлығына еңбегін сіңірді. Бірқатары әлі күнге дейін жұмыс жасап жастарға сапалы білім беруде.
 
Жанат Утарбаева
колледж директорының оқу –
тәрбие жөніндегі орынбасары м.а
Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *